15 қараша - Ұлттық валюта күні!

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – еліміздің стратегиялық дамуындағы негізгі басымдықтардың бірі

          Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Сыбайлас жемқорлық - өте күрделі құбылыс. Былай айтқанда дерт деп те айтуға болады. Батпандап кіретін, мысқалдап шығатын кесел. Сондықтан бұл дертпен міндетті түрде бәріміз қоғам боп күресуіміз керек. Әйтпесе кеш болып қалуы мүмкін. Сыбайлас жемқорлықтың кесірінен алып мемлекеттер, ірі мемлекеттер құлағанын бәріміз білеміз, куә болдық », - деп атап өткен болатын.

          Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 18 қарашадағы "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Заңының 22 бабы, 1 тармағында барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар мен лауазымды адамдар өз құзыреті шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүргізуге міндетті екендігі көрсетілсе, 1-1 тармағында әрбір ұйым басшысы бағынысты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу жөнінде тиісті жұмыстар атқару қажеттілігі айтылған.

          «Қоғамның басты талабының бірі – әділдік пен заң үстемдігін орнату. Бұл жолдағы ең үлкен кедергі - сыбайлас жемқорлық екені сөзсіз. Біз осы қоғамдық кеселді қалайда жеңуіміз керек. Бұған қатысты менің ұстанымым өзгермейді. Жемқорлықпен батыл күресіп жүрген азаматтарға барынша қолдау көрсетемін. Бұған еш күмән болмауы қажет. Ал, міндетін адал атқарғысы келмейтін адамдарға біздің қатарымызда орын жоқ» - деді Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөнінде кеңесте сөйлеген сөзінде.

          Түркістан облысының білім басқармасының «Білім беруді дамыту орталығы» КММ-нің 2024 жылға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша іс-шаралар жоспары бойынша тиісті жұмыстар мерзімінде өткізілуде. Мамандарға орталықтың басшылығы тарапынан академиялық адалдық қағидаттарын ұстануды әрқашан азаматтық борышымыз екендігі жайлы ескертіліп, жақсы жолға қойылған.

          Түркістан облысының білім беруді дамыту орталығының қызметкерлері ұйымдастырылатын әдістемелік іс-шаралар өткізу барысында адалдық пен ашықтықты ұстануының нәтижесінде өтілген байқаулардың педагогтер тарапынан келіспеушіліктердің болмауын айтуға болады. Сонымен қатар, барлық білім беру ұйымдарының басшыларына түрлі себептермен мектеп қажеттіліктеріне, мерекелік іс-шараларға, мектеп әкімшілігіне, мұғалімдерге сыйлық алуға, мектептің жөндеу жұмыстарына, шаруашылық заттарын сатып алу және тағы да басқа мақсатта ата-аналардан және ата-аналар комитеті атынан ақша жинауға және бітіруші 4, 9, 11-сыныптардан ақша жинауға қатаң түрде тыйым салынатынын, мектеп басшылары ата-аналардың назарларына жеткізу мақсатында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің орта білім беру ұйымдарында мектеп бітіру іс-шараларын өткізу туралы тұжырымдамасы негізінде жалпы ата-аналар жиналысын өткізу қажеттігі туралы орталық тарапынан ZOOM платформасы арқылы жиын өткізіліп, барлық аудандық (қалалық) білім бөлімдерінің әдістемелік кабинет меңгерушілері қадағалаулары тиіс екендігі айтылды. Білім беру ұйымдарының басшылары сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында мектептің «facebook» әлеуметтік желідегі парақшаларына ата-аналар назарына 2023-2024 оқу жылындағы соңғы қоңырау, қорытынды аттестаттау кезінде түрлі мақсатта ата-аналардан қаражат жинауға, мерекелік дастарқан ұйымдастыруға, гүл сыйлауға қатаң түрде тыйым салынатыны туралы жариялау қажеттігі ескертілді.

          Дегенмен де, әлеуметтік желілерде білім беру ұйымдарында орын алған жайттар туралы сын пікірлер бой көрсетіп қалады. «Мектептерде ата-аналармен жекелей жұмыстардың тиісті деңгейде ұйымдастырылмауынан» деп түсінуге болады. Білім беру ұйымдарында ата-аналармен тығыз байланыста түсіндіру жұмыстарын толығымен, жан-жақты үздіксіз жүргізу артықтық етпейтінін бідіреді. «Баланың бас ұстазы – ата-анасы» екенін ескерсек, ата-аналардың да өз жауапкершіліктерін сезініп, балаларының іс-әрекетін қадағалап, мектеп ұжымымен тығыз байланыста болғаны қазіргі таңда кезек күттірмейтін мәселеге айналып отыр.

          Ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, либералды білімді исламға таяна отырып, орыс және еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы мына «Жүрек – теңіз, қызықтың бәрі – асыл тас» атты өлеңінде:

Жүрек – теңіз, қызықтың бәрі – асыл тас,
Сол қызықсыз өмірде жүрек қалмас.
Жүректен қызу-қызба кете қалса,
Өзге тәннен еш қызық іс табылмас.
Достық, қастық, бар қызық - жүрек ісі,
Ар, ұяттың бір ақыл – күзетшісі.
Ар мен ұят сынбаса, өзге қылық,
Арын, алқын – бұл күннің мәртебесі.
Қартаң тартқан адамнан от азаймақ,
От азайса, әр істің бәрі тайғақ.
Шаруаң үшін көрінген ақыл айтып,
Жолың тайғақ, аяғың тартар маймақ» - деп жазаған өлеңі арқылы жүрек тазалығы, адамгершілік туралы ой қозғаса, ар, ұяттың биік болуын және жалқаулықтан бойын аулақ ұстауға шақырады. Ал, «Түбінде баянды еңбек егін салған» атты өлеңінде:

«Түбінде баянды еңбек егін салған,
Жасынан оқу оқып, білім алған.
Би болған, болыс болған өнер емес,
Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған» - деп жазады. Өлең жолдары арқылы төзімділікті, жан тазалығын, адамгершілікті насихаттайды. Қазақ жастарының рухы мықты болуын арман еткендей...

          Тәуелсіз еліміздің іргесі мықты болуын қалайтын әрбір азамат адалдықты биік ұстап, жастарды елжандылыққа баулу қажет деп есептеймін.

          Қорыта келе, әріптестеріміз заман талабына сай адалдық пен ашықтықтың қызмет барысында көрініс табуына және жас ұрпақ тәрбиесінде жастарымыздың толерантты болуына бағыт-бағдар беруі керек.

          Қоғамда әрбір азамат заңға қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда білікті маман ретінде қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білумен қатар заңға сәйкес белсенді әрекет етулері тиіс. Азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету бүгінгі күннің басты талабы болып отыр. Осыған орай, еліміздің барша азаматы қоғамның індеті сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте белсенді болуы қажет.

 

 

"Білім беруді дамыту орталығы" КММ
Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Айдаров Нұралы Тұрдыұлы