15 қараша - Ұлттық валюта күні!

Дәстүрлі ІІ Ыбырай жазулары облыстық байқауы

       Қазақ даласындағы алғашқы ағартушы педагогы  Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп, 2021 жылдың 2 қарашасында «І Ыбырай жазулары» байқауын тілші ұстаздар арасында ұйымдастырылып, байқауды дәстүрлі етіп жыл сайын өткізуді Білім беруді дамыту орталығының директоры Бақытжан Нұрмаханбетұлының бастамасымен мақала, хат жазу және аударма ісі бойынша сайыс ұйымдастырылды. 2022 жылы «ІІ Ыбырай жазулары» облыстық мұғалімдер арасында жазба жұмыстары байқауы өткізілді.

       Аудандық кезеңнің жеңімпаздары өздерінің білімі мен біліктілігін жан-жақты көрсетуге тырысты. Ыбырай Алтынсариннің шығармалары әр баланың жүрегінен кеңінен жол табатыны белгілі. Ал оның еңбегі қазақ халқының білім көкжиегінің кеңеюіне, рухани-мәдени жағынан гүлденуіне, игі ықпал етті. Балалар әдебиетінің атасы, шағын әңгіменің шебері, қазақ даласының алғашқы қоңырауы атанған Ыбырай Алтынсариннің туған күніне орай биылғы жылы байқау Түркістан қаласы, М.Пошанов атындағы №21 мектеп базасында өтті.

       Байқау, педагогтер арасында ең алғаш қазақ даласында мектеп ашқан, орыс жазба таңбалары негізінде қазақ әліпбиін құрастырушы – Ыбырай Алтынсариннің тарихи-әдеби еңбектерін насихаттау, педагогтардың шығармашылық қабілетін арттыру, патриоттық сезімін ояту, еңбектерін зерттеп, терең меңгерту мақсатында өткізілді.

      Байқау 3 турдан тұрады. І турда Ыбырай Алтынсариннің мәдениет пен әдебиет, ағартушылық, ғылым мен білімді арқау еткен шығармалары жайында мақала жазылды.

      ІІ турда «Біз болмасақ, сіз барсыз, үміт еткен достарым» тақырыбында хат жазылды.

      ІІІ турда аударма жұмыстары ұсынылды. Ыбырайдың шағын әңгімелерін бір тілден екінші тілге аударды.

      Қазылар алқасының шешімімен байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталып, дипломдармен, мадақтамалармен марапатталды.

      Ыбырай Алтынсарин: «Қазақтың тілі соншалықты мол. Қазақтың тілімен қандай кітап болса да жазуға  болады. Қазақ тілі мұншалықты жатық әрі анық болар еді, егер де біздің қазақтар аңғарып, бөтен тіл ілгері бастырып сөйлесе», - деп соңынан еріп келе жатқан ұстаздарға үлкен үміт артты. ХХІ ғасырдың ұстаздары ана тілімізге бөтен тіл араластырмай, ілгері бастырып дамытушы екенімізді әр кез естен шығармай, Ыбырай жазуларын жаңғырта түсетін тұлға болуымыз керек.

 

«Тілдерді дамыту» кафедрсының әдіскері Аблаева А.